
Қ. Құлажанов атындағы Қазақ ұлттық технология және бизнес университетінде студенттер мен сотталған азаматтардың қатысуымен алаяқтық және есірткі қылмыстарының алдын алуға арналған телекөпір форматындағы кездесу өтті. Іс-шараға Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қарасты №64 мекемесінің шаруашылық жасағында жазасын өтеп жатқан азаматтар онлайн қосылып, өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар ойланбай жасалған әрекеттердің салдары қандай болатынын ашық айтып, жастардың сұрақтарына шынайы жауап берді.
Кездесуге оқу орнының басшылығы мен студенттері, сондай-ақ прокуратура, полиция және қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері қатысты. Қатысушылар жастарды интернет-алаяқтардың арбауына түспеуге, «жеңіл табыс» уәдесіне сеніп заңсыз әрекетке бармауға шақырды. Шараның негізгі мақсаты – нақты мысалдар арқылы қылмыстың салдарын көрсету, заң талаптарын құрметтеу және жеке жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Қазіргі уақытта алаяқтық қылмыстары үшін Департаментке қарасты мекемелерде 92 адам жаза өтеуде, олардың 23-і – жастар. Есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар үшін 100 адам бас бостандығынан айырылған, оның 31-і – отыз жасқа толмағандар. Бұл көрсеткіштер заңсыз әрекеттің соңы міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін айқын дәлелдейді.
Іс-шара аясында түзету мекемесіндегі сотталғандардың өмірі туралы бейнеролик көрсетіліп, одан кейін тікелей эфирде телекөпір ұйымдастырылды. Жазасын өтеушілер өз қателіктеріне өкініш білдіріп, жастарды есірткі сату мен тұтынудан, алаяқтық әрекеттерден және өзге де заң бұзушылықтардан аулақ болуға үндеді. Бірлескен түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – тек жазалау емес, ең алдымен қылмыстың алдын алу және жастардың болашағын қорғау.