
11–13 желтоқсан аралығында Астана қаласының аумағында есепте тұрған тұлғалардың тарапынан әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу, сондай-ақ құқықтық тәртіп деңгейін арттыру және рецидивтік қылмыстың алдын алу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара аясында Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінің қызметкерлері департамент бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Ахмедов Ирсали Ирисдавлетовичтің басшылығымен Сарыарқа ауданы полиция басқармасымен бірлесіп, есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда аумақтық пробация қызметтерінің есебінде бостандығын шектеу жазасына сотталған 1657 адам тіркелген. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында 616 есептегі тұлға тексерілді. Тексеру нәтижесінде жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзудың 51 дерегі анықталды. Анықталған әрбір факт бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды, оның ішінде профилактикалық әңгімелер жүргізу, сотқа жолдау үшін материалдар дайындау, сондай-ақ құқық бұзушылыққа бейім есептегі тұлғалармен жеке профилактикалық жұмысты күшейту шаралары жүзеге асырылды.