
26 қараша күні Астана қаласы бойынша ҚАЖД №3 мекемесінде Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында телекөпір мен экскурсиялық таныстыру шарасы өтті. Іс-шара барысында жастарға мекеме ішіндегі жағдаймен танысып, бостандық шектеулерінің қандай екендігін сезінуге, сондай-ақ телекөпір арқылы сотталғандардың өмірлік оқиғалары мен олардың жасаған қателіктерінің салдары туралы ақпарат алуға мүмкіндік берілді.
Студенттер бұл кездесудің өздеріне үлкен әсер қалдырғанын атап өтті — олар бостандықтың бағасын, шектеулі ортадағы психологиялық қысымды және заң бұзушылықтың қандай ауыр нәтижелерге әкелетінін айқын сезінді. Көргендері олардың санасына маңызды өмірлік сабақ болып сіңді.
Жастар қазіргі заманда білімнің, жауапкершіліктің және тәртіптің маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Көпшілігі осы шарадан кейін дұрыс өмірлік жолды таңдаудың, саналы шешім қабылдаудың және ешқашан заң бұзбаудың қаншалықты маңызды екенін терең түсінгендерін жеткізді.