Проблемамен бетпе-бет қалдырмау

Проблемамен бетпе-бет қалдырмау

«Сен жалғыз емессің» акциясы аясында пробация қызметі қызметкерлерінің, психологтардың, заңгерлердің және әлеуметтік сала мамандарының қатысуымен Ашық есік күні өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – пробациялық бақылауда тұрған сотталғандарға жан-жақты қолдау көрсету және олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету болды.

Іс-шара барысында қатысушылар құқықтық, әлеуметтік және психологиялық мәселелер бойынша кеңес алып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Әсіресе жұмысқа орналасу, құжаттарды қалпына келтіру, әлеуметтік көмек алу және отбасылық қарым-қатынастарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Пробация қызметінің қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір азаматтың қажетті көмек пен қолдау алуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Сотталғандар мамандарға белсенді түрде жүгініп, кеңес пен көмек алды. Бұл өз кезегінде осындай іс-шаралардың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

«Сен жалғыз емессің» акциясы адамдардың өз мәселелерімен жалғыз қалмауына, қоғам мен мемлекеттің қолдауын сезінуіне және заңға бағынатын толыққанды өмірге қадам басуына мүмкіндік беретін маңызды шаралардың бірі болды.