
Грантқа түсе алмау – жолдың соңы емес: ШҚО-да жастарға мансапқа жаңаша қарау ұсынылады
Мектеп бітіру емтихандарынан кейін бір түлектің қолында көптен күткен гранты мен университетке түсу жоспары болса, енді бірінің қолында тек аттестаты қалып, «Енді не істеймін?» деген сұрақ туындайды.
Ақылы білім алу барлығына бірдей қолжетімді емес. Бірі уақытша үзіліс алып, жұмыс немесе қосымша табыс іздейді, енді бірі мамандық алуды кейінге қалдырады. Алайда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері атап өткендей, грантқа түсе алмау жас адамның кәсіби болашағына нүкте қою дегенді білдірмейді.
Бүгінде мектеп түлектерінің кәсіби жолын бастауға түрлі мүмкіндіктері бар. Солардың бірі – өз болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстыру.
«Біз жас адамның мектептен кейін алдында бір ғана жол бар деп ойламағанын қалаймыз. Грантқа түсу мүмкін болмады екен деп тоқтап қалудың қажеті жоқ. Өз жолыңды іздеуді жалғастырып, мамандық алып, тәжірибе жинап, біртіндеп мансап құруға болады. Ең бастысы – қандай мүмкіндіктер бар екенін білу», – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Оның айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызмет мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткісі келетін жастар үшін кәсіби жолын бастау мүмкіндіктерінің бірі болуы мүмкін.
Бұл тек жұмысқа орналасу мүмкіндігі ғана емес. Жас маман қызмет барысында кәсіби білім алып, арнайы дайындықтан өтіп, тәжірибе жинақтап, өз саласында дамып, әрі қарай қызметтік өсуге мүмкіндік алады.
«Бүгінде жастар ертең қай жерде жұмыс істейтінін ғана емес, бірнеше жылдан кейін кім бола алатынын да білгісі келеді. Сондықтан мамандықтар туралы шынайы айтып, нақты мүмкіндіктерді көрсету маңызды. Мүмкін, біреу үшін мемлекеттік қызмет дербес өмірге бастайтын алғашқы қадам болар», – деп атап өтті Салтанат Ожиканова.
Департаментте атап өткендей, мамандық таңдау әрдайым мектеп бітіргеннен кейін бірден жүзеге аса бермейді. Кейде кәсіби жолды бастау үшін бүгінгі таңда бар мүмкіндіктер туралы біліп, өзіңе лайықты бағытты таңдау жеткілікті.
Грант – бұл мүмкіндік. Бірақ грантқа ие бола алмау мүмкіндіктердің бәрі аяқталды деген сөз емес. Ең бастысы – тоқтап қалмай, өз жолыңды іздеу.