Телефондар шай қораптарында, нанның ішінде, бір сотталғанға арналған 15 смартфон және тіпті есірткі жеткізу әрекеттері: заң бұзушылар бостандықпен байланысты сақтап қалу үшін түрлі айла-шарғыларға баруда

Телефондар шай қораптарында, нанның ішінде, бір сотталғанға арналған 15 смартфон және тіпті есірткі жеткізу әрекеттері: заң бұзушылар бостандықпен байланысты сақтап қалу үшін түрлі айла-шарғыларға баруда

Телефондар шай қораптарында, нанның ішінде, бір сотталғанға арналған 15 смартфон және тіпті есірткі жеткізу әрекеттері: заң бұзушылар бостандықпен байланысты сақтап қалу үшін түрлі айла-шарғыларға баруда

Шай қораптарының ішіне жасырылған телефондар, нанның ішіне салынған байланыс құралдары, бір сотталғанға арналған 15 смартфон және есірткі жеткізу әрекеттері — құқық бұзушылар сотталғандардың сыртқы әлеммен заңсыз байланысын қамтамасыз ету үшін түрлі тәсілдерді ойлап табуын тоқтатар емес.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері мекемелер аумағына тыйым салынған заттарды жеткізудің 30-дан астам әрекетінің жолын кесті. Бақылау шараларының күшейтілгеніне қарамастан, кейбір азаматтар заң талаптарын айналып өтіп, сотталғандарды байланыс құралдарымен, интернетпен және өзге де тыйым салынған заттармен қамтамасыз етуге тырысуда.
Кезекті заң бұзушылық сотталғандардың біріне жолданған пошта сәлемдемесін тексеру кезінде анықталды. Азық-түлік өнімдерінің арасынан қызметкерлер ұялы телефондар, 5G қолдайтын Wi-Fi роутер, SIM-карталар, қуаттағыш құрылғы, сымды және сымсыз құлаққаптарды тапты. Құрылғылардың бір бөлігі шай қораптарының ішіне мұқият жасырылған.
Бұған дейін де ШҚО бойынша ҚАЖД қызметкерлері нанның ішіне жасырылған ұялы телефондарды анықтаған болатын. Тағы бір жағдайда, алдын ала мәлімет бойынша бір сотталғанға арналған бірден 15 ұялы телефонды жеткізу әрекеті тоқтатылды. Сонымен қатар, мекеме аумағына жеткізілмек болған жалпы салмағы екі келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.
Әрбір осындай дерек белгіленген режим талаптарын бұзуға ниетті адамдардың сыртқы әлеммен заңсыз байланыс орнату әрекеттерін тоқтатпай отырғанын көрсетеді. Алайда тыйым салынған заттарды жеткізудің барлық тәсілдері қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қатаң бақылауында.
— Жыл басынан бері ШҚО бойынша ҚАЖД қызметкерлері тыйым салынған заттарды лақтырудың, алып өтудің және берудің 30-дан астам әрекетінің жолын кесті. Әрбір осындай факт дер кезінде анықталып, жолы кесілуде. Біз сәлемдемелерді, кездесулер арқылы берілетін заттарды және мекемелерге іргелес аумақтарды бақылауды күшейтуді жалғастырып келеміз, — деп түсіндірді ШҚО бойынша ҚАЖД ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті азаматтарға ескертеді: тыйым салынған заттарды алып өтуге, беруге немесе мекеме аумағына лақтыруға әрекет жасағаны үшін әкімшілік, ал жекелеген жағдайларда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі