
Мейірім алаңы: сотталғандар Сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне сый жасады
Балаларды қорғау күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысындағы №16 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандар Сәбилер үйінің кішкентай тәрбиеленушілеріне арнап игі іс жасады.
Олар өз қолдарымен құмсалғыш, ойыншық сақтайтын сандық және ыңғайлы орындық жасап, балалар мекемесіне тарту етті. Әрбір бұйым балаларға қуаныш сыйлау мақсатында ерекше ықыласпен және жауапкершілікпен дайындалды.
Бұл бастама сотталғандардың еңбек дағдыларын дамытуға, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және қоғамға пайда келтіруге деген ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік жұмыстардың бір бөлігі болды. Көптеген сотталғандар үшін мұндай шараларға қатысу – игі іс арқылы қоғамға пайдасын тигізудің мүмкіндігі.
Сыйға берілген бұйымдар балалардың таза ауада ойнап, демалуына қолайлы жағдай жасап, олардың бос уақытын қызықты әрі жайлы өткізуіне септігін тигізеді.
— Балаларға қамқорлық көрсету әрқашан әлеуметтік жұмыстың маңызды бағыты болып қала береді. Осындай игі істер сотталғандарға адал еңбектің құндылығын түсінуге және қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Мұндай қайырымдылық шаралары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жақсы дәстүрге айналып, ізгі ниет пен мейірімділіктің адамдарды жақсы жаққа өзгертуге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі