
Пробация қызметі қала прокуратурасымен бірлесіп есепте тұрған азаматшаны жұмысқа орналастыруға және баласын балабақшаға орналастыруға жәрдем көрсетті
Пробация қызметінің қызметкерлері қала прокуратурасы органдарымен бірлесіп есепте тұрған азаматшаның әлеуметтік мәселелерін шешуге көмек көрсетті.
Анықталғандай, әйел 4 жастағы қызын тәрбиелеп отыр. Өтінім мемлекеттік қызметтер порталы арқылы кеш берілгендіктен, бала бұрын мектепке дейінгі мекемеге бармаған. Осыған байланысты анасы үйде отырып, жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бала балабақшамен қамтамасыз етіліп, ал есепте тұрған азаматша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болып, жұмыспен қамтылды.
Қабылданған шаралар отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және оның қоғамға бейімделуіне оң ықпал етті.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканованың айтуынша, жыл басынан бері 80-нен астам есепте тұрған азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілген. Оның ішінде жұмысқа орналастыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үй мәселелерін шешу бар.
«Пробация қызметінің инспекторлары мен психологтары әрбір есепте тұрған адамның өмірлік жағдайын жеке зерделей отырып, жүйелі жұмыс жүргізеді. Бұл атаулы көмек көрсетуге және олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді», — деп атап өтті ведомство өкілі.