Қазақстан түрмедегі адамдар санынан халықаралық рейтингте 100-ші орында

Қазақстан түрмедегі адамдар санынан халықаралық рейтингте 100-ші орында

Соңғы он жылда Қазақстанда жазасын өтеп жатқандардың саны 2 есеге дейін азайған. Бұл туралы бүгін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов ІІМ алаңында өткен брифингте хабарлады.
ҚАЖ комитетінің төрағасы қылмыстық-атқару жүйесін жандандыруға қатысты бірқатар міндеттердің іске асырылу барысы туралы айтты.
«Қазіргі уақытта пенитенциарлық жүйені жандандыру бойынша мақсатты жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының соңғы Қазақстан халқына Жолдауында бізге бірқатар тапсырламалар жүктелді. Сол міндеттерді іске асыру шеңберінде ҚАЖ мекемелеріне жаппай бейнебақылау жүйесін орнату бойынша мәселелер пысықталып жатыр. Бұл өз кезегінде колониялардағы жағдайды уақытылы бақылауды қамтамасыз етеді және сотталғандардың, сондай-ақ қызметкерлердің тарапынан орын алуы мүмкін бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді», дейді Жанат Ешмағамбетов.
Сонымен қатар, ҚАЖ жүйесін дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттар аясында сотталғандардың құқықтық және ұстау жағдайын жақсартуға, цифрландыруға және жүйенің ашықтығына бағытталған жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, бұдан былай бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың электронды түрде шағым жолдауға мүмкіндігі бар. Мұнымен қоса, сотталғандардың туыстары ендігі кезекте колонияларда орналасқан «электронды дүкендер» арқылы пайдалануға рұқсат берілген тамақ, киім, кітап секілді түрлі тауарлар мен заттарға тапсырыс бере алады.
«Өз кезегінде, Ішкі істер министрінің тапсырмасымен бейнебайланыс арқылы кездесулердіңжәне сотталғандарға жолданатын сауқаттардың саны 14-тен 20 келіге дейін ұлғайғанын атап өткім келеді. Мекемелердегі бейнекездесулер карантин кезінде өз тиімділігін көрсетіп, олардың саны 33 мыңды құрады», - дейді ҚАЖК басшысы.
Төрағаның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан түрмедегі адамдар саны бойынша әлемдік рейтингтің 100-ші орынына түскен. Ал 18 жыл бұрын бұл көрсеткіш АҚШ пен Ресей секілді елдерден кейін 3-ші орында болғанын айтады. Бүгінгі күні елімізді 82 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 30 мыңнан аса адам ұстауда отырса, бұрын оның саны 57 мың болған.
Жанат Ешмағамбетов жазасын өтеушілерді түзеудегі бірден-бір құрал – олардың жұмыспен қамту екенін атап өтті. Қазір еңбекке қабілетті 14 мың адам ұстауда, соның 11 мыңы колонияларда еңбек етіп жатыр.
«Мекемелердегі адамдарды жұмыспен қамтуда «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорынымен қатар, 230 шағын және орта бизнес өкілдері де қызмет етеді. Олардың өзі 4 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.Сотталғандар кәсіпорындарда құрылыс материалдарын, ағаш, темір және пластик өнімдерін,сондай-ақ ет, сүт, нан және түрлі кондитерлік өнімдерді жасаумен айналысады.Бостандыққа шыққанда оларға қоғамға бейімделіп, жаңа өмір сүру оңайырақ болады», - дейді ведомство төрағасы.
Сотталғандарды қайта әлеуеметтендіру мақсатында ҚАЖ мекемелерінде 50 жалпы білім беру және 44 кәсіптік-техникалық колледждері білім береді.
ҚАЖ комитетінің төрағасы жабық мекемелерде қоғамдық бақылау жүргізетін екі институт – ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) және қоғамдық байқау комиссиясы туралы айтты. Олардың құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік жұмыскерлер, заңгер, дәрігер сынды тәуелсіз өкілдер кіріп, сотталғандардың ұстау жағдайына және құқықтарының сақталуына тексеру және түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.