
«Миллиондық» шаурма: Өскемендегі тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар әшкереленді
Өскеменде 29 жастағы ер адам заң мен тәртіпті бұзбақ болды. Ол тергеу изоляторына сәлемдеме әкелген, бірақ оның «жіберген заты» өте ерекше болып шықты.
ҚР ІІМ ҚАЖК №73 мекемесінің қызметкерлері сотталғандар мен тергеудегілерге берілетін барлық заттарды мұқият тексереді. Бұл жолы шаурма салынған сөмке күдік тудырды: ол тым ауыр болып көрінді. Қызметкердің «етті көп салып жіберген жоқ па?» деген сұрағына әлгі ер адам әзілдеп, «иә, шын жүректен салынған» деп жауап берді.
Бірақ шаурманың ішінде ет мүлдем болмаған.
Шаурманың ішінде, ет пен көкөністің орнына, екі iPhone ұялы телефоны мұқият оралған күйде жатқан. Гаджеттер полиэтилен пакеттерге салынған.
Бұл не деген сұраққа ер адам досына көмектесіп, оның жолдасына тамақ бергісі келгенін айтты. Ол ішінде не барынан хабарсыз болғанын мәлімдеді.
«Заң мен тәртіпті» айналып өту әрекеті 29 жастағы ер адам үшін ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқты. Іс материалдары жиналып, сотқа жіберілді, енді тәртіп бұзғыш «курьердің» тағдырын сот шешеді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі Департаментінің қызметкерлері тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті үшін қатаң жазаланатынын және мұнда ешқандай креативтіліктің көмектеспейтінін ескертеді.