Камерадан қашып құтыла алмады: Сәтсіз курьер Шығыс Қазақстан облысындағы түрме маңында қолға түсті
Шығыс Қазақстан облысындағы түрме қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлері түрмеге есірткі өткізуді көздеген қауіпті әрекеттің алдын алды.
Бұл оқиғаға 44 жастағы ер адам қатысты. Ол досының көлігімен келген, ал қайтарда оны түрме қызметкерлері алып кетті.
Бұрын ұрлық үшін сотталған Өскемен тұрғыны - курьер Шемонаиха ауданына нақты бір мақсатпен келген: дуалдан асырып, марихуана салынған түйіншектерді лақтыру. Кейін ол түрме маңындағы өзінің жүргенін «дәрет сындырғым келді» деп ақталмақ болған, бірақ бейнебақылау камераларындағы жазба оның сөзінің жалған екенін көрсетті.
Оқиғаның ең қызықты сәті - оның қалай ұсталғаны. Әлгі ер адам түйіншектерді лақтырған соң, өзінің көлігі емес, басқа көлікті қателесіп, соған жүгірген. Сол сәтте оған түрме қызметкерлері жақындады. Соңынан өзі келген көлік те келіп, оның өтірігін әшкереледі.
«Біздің қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Ешкімге заңды бұзуға жол бермейміз. Мұндай жағдайлардың жолын қатаң кесеміз», – деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №18 мекемесінің бастығы Қуаныш Қонжанов.
‼Ұстау кезінде скотчпен оралған, ерекше иісі бар үш түйіншек табылды.
Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат 430 грамнан астам кептірілген марихуана болып шықты. Бұл 86 рет қолдануға жететін мөлшер.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сотталғандарға көмектеспек болған ер адамның өзі түрмеге қамалып кетуі мүмкін. Қазір қызметкерлер тәркіленген заттың кімге арналғанын анықтап жатыр.