Отбасының берекесін кетірген екі ер адам
Өскеменде қоғамдық жұмыстарға жегілді
Өскеменде араққа сылқия тойып, жанжал шығарып, жұдырық ала жүгірген екі ер адам қала көшелерін тазалайды. Сот оларды 300 сағат қоғамдық жұмыстарға жегіп, пробация қызметінің бақылауына алды.
Оқиғалардың бірі мереке күндері болған: қонақта отырған ер адам жанжалды тоқтатудың орнына, досының басынан бөтелкемен ұрып жіберген. Ол осы әрекеті үшін 200 сағат қоғамдық жұмысқа және алкоголизмнен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.
Екінші жағдай - тұрмыстық зорлық-зомбылық. Ер адам азаматтық некедегі әйеліне қол көтерген. Әйелдің дер кезінде полицияға хабарласуы оны аман алып қалды, ал күйеуі 100 сағат жұмысқа жіберілді. Азаматтық некедегі әйелі оның түзеліп келе жатқанын айтып, оған берілген мүмкіндікке қуанышты екенін жеткізді. Ол қоғамдық жұмыстардан кейін жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.
ШҚО бойынша ҚАЖД пробация қызметтеріне басшылық ету бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ернар Ильяшев: "Қоғамдық жұмыстар - бұл жай ғана жаза емес, қоғамға пайда әкеліп, заңға мойынсұнатын жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік. Пробация қызметкерлері сотталғандармен үнемі жұмыс істеп, жұмыс кестесін сақтауды қадағалайды және оларға қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектеседі", - деді.
Сотталғандар тұрғын үйлер арасындағы қоқыстарды тазалап, жол бойындағы арамшөптерді қолмен жұлып жатыр. Есепте тұрған ер адамдардың бірі бұрын сыпырушы болып жұмыс істегенін және аудандағы әр бұрышты білетінін айтты.
Есепте тұрғандар күніне 4 сағаттан қала көшелерін тазалайды. Алайда олар қоғамдық жұмыстардың жай ғана жаза өтеу емес, заңға бағынуға берілген сынақ екенін ескеруі керек. Егер олар жаза өтеу ережелерін елемей, жұмысқа шықпаса немесе кестесін бұзса, оларға қатаңдау жаза қолданылуы мүмкін - тіпті нақты түрме мерзіміне дейін. Соттың үкімі толық көлемде орындалуы керек және оның сақталуы пробация қызметінің қатаң бақылауында. Бұл - есепте тұрғандар үшін түрмеден құтылып, қалыпты өмірге оралудың соңғы мүмкіндігі.