Арнайы контингент арасында АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары туралы

Арнайы контингент арасында АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары туралы

2026 жылғы 23 ақпан күні Батыс Қазақстан облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас медбикесі А.Е. Ашигалиева №74 мекемесінде шаруашылық жасағындағы сотталғандар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу тақырыбында ақпараттық-түсіндіру дәрісін өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты – арнайы контингенттер арасында АИТВ инфекциясының таралуының алдын алу, сотталғандардың ауру туралы ақпараттану деңгейін арттыру, сондай-ақ олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Дәріс барысында қатысушыларға АИТВ инфекциясының берілу жолдары, алғашқы белгілері, алдын алу шаралары және дер кезінде медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы туралы толық ақпарат берілді. Сонымен қатар, АИТВ инфекциясының қан арқылы, қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы және анадан балаға берілу мүмкін екендігі түсіндірілді. Бұл ретте инфекцияның тұрмыстық қатынас кезінде жұқпайтыны, яғни қол алысу, сөйлесу, ортақ ыдыс қолдану арқылы берілмейтіні атап өтілді. Кездесу барысында сотталғандарға жеке бас гигиенасын сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және қауіпті мінез-құлықтан аулақ болу қажеттілігі түсіндірілді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ақпараттық-түсіндіру материалдары ұсынылды. Осындай профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырудың негізгі мақсаты – арнайы контингенттер арасында АИТВ инфекциясының таралуының алдын алу, санитариялық-ағарту жұмыстарын күшейту және сотталғандардың денсаулығын сақтау болып табылады. Қазіргі уақытта мекемеде АИТВ инфекциясының алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде және алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бұл жұмыстар арнайы контингент арасында жұқпалы аурулардың алдын алуға және олардың денсаулығын қорғауға бағытталған.