Бүгін Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №28 мекемесінде медицина қызметкерлерін құрметтеу шарасы өтті.
Мекеме басшысы өз сөзінде денсаулық сақтау саласының мекеме жұмысы үшін маңыздылығын атап өтіп, медицина қызметкерлерінің еңбегіне алғыс білдірді. Ол адал қызметі мен кәсіби шеберлігі үшін қызметкерлерге алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстады.
— Медицина қызметі – қылмыстық-атқару жүйесіндегі аса маңызды буын. Сіздердің еңбектеріңіз тек қана физикалық саулыққа емес, сонымен қатар моральдық жағдайға да тікелей әсер етеді. Бұл — үлкен жауапкершілікті талап ететін, аса игі қызмет, — деді мекеме басшысы өз құттықтауында.
Іс-шара жылы әрі құрметке толы атмосферада өтті. Күнделікті күрделі жағдайда жұмыс атқарып жүрген дәрігерлер мен фельдшерлерге айтылған шынайы алғыс сөздер оларды жігерлендіріп, еңбектерінің еленіп жатқанын көрсетті.