Құрбан айт күні №28 мекемесіне ҚМДБ имамы Ерлан Аютович Кенжин келді

Құрбан айт күні №28 мекемесіне ҚМДБ имамы Ерлан Аютович Кенжин келді

2025 жылғы 6 маусым күні, мұсылмандардың ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесіне орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) имамы Ерлан Аютович Кенжин №28 түзету мекемесіне арнайы келіп, сотталғандармен және мекеме қызметкерлерімен кездесті.

 

Имам келгендерді Құрбан айт мейрамымен құттықтап, баршаға амандық, сабыр, иман күші мен рухани тазару тіледі. Кездесу барысында Ерлан Аютович Құрбан айттың шығу тарихын, маңызын және бұл күннің мұсылман қауымы үшін ерекше мәнге ие екенін айтып өтті. Ол құрбандық шалудың мәні – Жаратушыға мойынсұну мен шынайы ықыластың, игілік пен мейірімділіктің белгісі екенін атап өтті.

 

Құрбан айт – тек құрбан шалатын күн ғана емес, бұл күн жақсылық жасауға, мұқтаж жандарға көмектесуге, кешірімді болуға, бірлік пен бауырмалдықты арттыруға үндейтін рухани мейрам екенін имам өз уағызында ерекше атап өтті.

 

Имамның келуі мекемедегі діндар сотталғандар үшін ерекше қуаныш пен рухани демеу болды. Кездесуде көпшілікке осы күннің қадірі мен қасиеті түсіндірілді.

 

Мекеме басшылығы ҚМДБ өкіліне алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік және рухани маңызы зор екенін атап өтті.