5517 әскери бөлімінде 2024 көктем айында шақырылым мерзімді әскери қызметшілерін салтанатты түрде запасқа шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға мекеме атынан ҚАЖ-28 мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Мейрамбек Даулетов қатысты. Ол әскери борышын абыроймен өтеген сарбаздарға алғыс білдіріп, олардың қызмет барысында көрсеткен тәртіптілігі мен жауапкершілігін атап өтті.
– Сіздер Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқардыңыздар. Қызмет барысында алған тәртіп, төзімділік және ұйымшылдық сияқты қасиеттеріңіз алдағы өмір жолдарыңызда үлкен көмек боларына сенемін. Сіздерге сәттілік, амандық және жарқын болашақ тілеймін, – деді Мейрамбек Даулетов.
Қызмет барысында ерекшеленген сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Салтанатты шараны ұйымдастыруға ҚАЖ-28 мекемесінің кадр саясаты тобының инспекторы Өнербек Тәуішев те белсенді қатысты. Ол мұндай шаралардың әскери бөлімдер мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері арасындағы байланысты нығайтып, жас сарбаздардың азаматтық жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Іс-шара соңында естелік суретке түсіп, сарбаздар бір-бірімен және командирлерімен жылы қоштасты. Бұл күн олардың өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы ретінде есте қалары сөзсіз.