
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесінде қызметкерлердің психологиялық қырағылығын арттыруға және эмоционалдық дағдарыстың алдын алуға бағытталған «Байқа. Тыңда. Көмектес» атты практикалық сабақ өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлерге адамның эмоционалдық жағдайындағы өзгерістерді ерте кезеңде байқау, суицидтік және аутоагрессивті мінез-құлықтың ықтимал белгілерін анықтау және дағдарыстық жағдайда дұрыс әрекет ету алгоритмін меңгерту.
Практикалық сабақ барысында қатысушылар эмоционалдық дағдарысқа тән мінез-құлықтық және психологиялық өзгерістерге назар аударудың маңызын талқылады. Сонымен қатар қауіп белгілері байқалған жағдайда адамның мәселесіне бейжай қарамай, оны тыңдау, тиісті қолдау көрсету және ақпаратты мекеме психологы мен басшылыққа уақытылы жеткізу тәртібі түсіндірілді.
Сабақ барысында қызметкерлер нақты жағдайларға негізделген практикалық тапсырмалар орындап, дағдарыстық жағдайдағы адамның мінез-құлқын бағалау және тиісті әрекет ету жолдарын пысықтады.
«Байқа. Тыңда. Көмектес» қағидатының өзегі – адамның мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оны тыңдай білу және қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыру.
Қылмыстық-атқару жүйесінде қызметтік міндеттердің ерекшелігі қызметкерлерден жоғары деңгейдегі қырағылық пен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан психологиялық қауіптердің алдын алу, эмоционалдық жағдайды дер кезінде бағалау және тиісті мамандарға ақпарат жеткізу дағдыларын қалыптастыру – профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.
Қазақстанда суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселесіне мемлекеттік деңгейде де көңіл бөлінеді. Психикалық денсаулық саласындағы қолданыстағы стандарттарда суицид қаупі анықталған жағдайда бақылау және көмек көрсету тетіктері көзделген.
Өткізілген практикалық сабақ осы бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейтіп, қызметкерлердің психологиялық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік берді.
«Суицидтің алдын алуда ең маңыздысы – қауіптің алғашқы белгілерін елеусіз қалдырмау. Адамның мінез-құлқындағы өзгерісті байқау, оны тыңдау және қажетті маманның көмегіне уақытылы бағыттау – әрбір қызметкер білуі тиіс маңызды дағдылардың бірі», – дейді мекеме инспектор-психологі әділет капитаны Тоғжан Жиембаева.
Іс-шара соңында қатысушылар дағдарыстық жағдай кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібін талқылап, туындаған сұрақтарына жауап алды.
Мұндай практикалық сабақтар қызметкерлердің психологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мекемедегі қауіпсіз әрі қолайлы психологиялық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мекемелерінде психологиялық-профилактикалық бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.