Маңғыстауда сотталғандар адвокаттардан құқықтық кеңес алды

Маңғыстауда сотталғандар адвокаттардан құқықтық кеңес алды

Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен  облыстық адвокаттар алқасы өкілдерінің кездесуі өтті.

Іс-шара Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Руслан Уразбаевтың төрағалығымен ұйымдастырылды.

Кездесуге Маңғыстау облысының адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Нұрым Әуезбай, Маңғыстау облысы адвокаттар алқасының мүшелері, адвокаттар Азамат Елемесов пен Ұлан Кеншимов қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жазасын өтеп жатқан азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты сұрақтарына жауап беру және білікті адвокаттық көмек алу мүмкіндіктерін түсіндіру.

Кездесу барысында сотталғандар адвокаттарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, қолданыстағы заңнама аясында нақты жауаптар алды. Адвокаттар азаматтардың өтініштерін тыңдап, олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты жан-жақты түсіндірме берді.

Сонымен қатар сотталғандарға заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыру тәртібі, құқықтық мәселелер туындаған жағдайда адвокаттың көмегіне жүгіну мүмкіндіктері және өздерінің заңды мүдделерін қорғау тетіктері түсіндірілді.

Мұндай кездесулер жазасын өтеп жатқан азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Адвокаттармен тікелей байланыс орнату сотталғандарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша кәсіби құқықтық кеңес алуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында азаматтардың жеке мәселелеріне де назар аударылып, әрбір сауал қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралды.

ҚАЖ департаменті тарапынан сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.