"Жас сақшы": Маңғыстаудың жас кадеттері қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысымен танысты

"Жас сақшы": Маңғыстаудың жас кадеттері қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысымен танысты

Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне Мұнайлы ауданы №2 мектебінің «Жас сақшы» кадет сыныбының оқушылары танымдық экскурсиямен барды.

Оқушыларды сынып жетекшісі Ағанияз Жансая Абдуллақызы бастап келді. Кездесу барысында жас кадеттер ҚАЖ департаментінің мұражайын аралап, қылмыстық-атқару жүйесінің қалыптасу тарихымен және қызметке қатысты құнды жәдігерлермен танысты.

Экскурсияны әділет полковнигі Азат Шабиков жүргізіп, оқушыларға мұражайдағы экспонаттардың тарихы мен маңызы туралы айтып, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі жөнінде мағлұмат берді.

– Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, бойларында жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға ықпал етеді. Жас ұрпаққа заңды құрметтеу мен елге қызмет етудің маңызын түсіндіру – басты міндеттердің бірі, – деді ҚАЖД Жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімінің аға инспекторы, әділет майоры Айнұр Унайбаева.

Кездесу барысында ҚАЖ департаментінің Жеке құраммен жұмыс бөлімінің қызметкерлері оқушыларға қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметтің ерекшеліктері, қызметкерлерге қойылатын кәсіби талаптар мен негізгі міндеттер туралы айтып берді.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырып, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.