
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі әрбір лауазымның ел қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі орны айрықша. Солардың ішінде тікелей адам тағдырымен жұмыс істейтін, психологиялық тұрғыдан ең күрделі әрі жауапты бағыттардың бірі — жасақ бастығының қызметі.
Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД №43 мекемесінде әділет капитаны Ақпанбет Азатбек Болатбекұлы жасақ бастығы лауазымында абыройлы қызмет атқарып келеді. Ол арнайы контингент арасында тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруға жауапты.
Офицердің күнделікті қызметі тек бақылаумен ғана шектелмейді. Бұл — сотталған азаматтардың санасын өзгертуге, олардың қателігін түсінуіне ықпал ететін үлкен жауапкершілік. Жасақ бастығының негегізгі міндеттеріне мыналар кіреді:
Арнайы контингенттің бекітілген күн тәртібін қатаң сақтауын қадағалау;
Мекеме аумағында темірдей тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Сотталғандарды құқықтық тұрғыдан қайта әлеуметтендіру және бейімдеу жұмыстарын жүргізу;
Тұрақты түрде құқықтық түсіндіру және мәдени-тәрбиелік іс-шаралар өткізу;
Мекеме ішіндегі ішкі тұрақтылықты сақтау.
«Жасақ бастығы — тек қадағалаушы ғана емес. Ол — ең алдымен заң мен тәртіптің үлгісі, сотталғандарға дұрыс бағыт беруші және түзету процесінің негізгі ұйымдастырушысы», — дейді әріптестері.
Аталған қызметтің түпкілікті әрі басты мақсаты — жазасын өтеуші азаматтарды босап шыққаннан кейін қоғамға пайдалы тұлға ретінде қайта бейімдеп, заңға бағынатын жаңа өмірге жол ашу болып табылады.