Қызметтік хаттан – балалық хатқа дейін: Форма киген ананың тағылымы

Қызметтік хаттан – балалық хатқа дейін: Форма киген ананың тағылымы

Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары қызметкерлер аз емес. Солардың бірі – әділет аға сержанты Мұқанова Базархан Ұзақбайқызы.

Базархан Ұзақбайқызы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2021 жылы бастап, бүгінде ҚАЖ департаментінің құжат айналымы және өтініштерді бақылау тобы бас маманының міндетін атқарушы ретінде қызмет етуде. Ол азаматтардың өтініштері мен хаттарының уақытылы қаралуын қадағалап, құжат айналымының сапалы ұйымдастырылуына өз үлесін қосып келеді.

Жоғары білімді маман құқықтану саласы бойынша білім алған. Оның құқық қорғау органдарында қызмет етуге деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Форма киіп, халыққа қызмет ету – оның бала күнгі арманы болатын. Бүгінде сол арманына қол жеткізіп, жауапты қызметті абыроймен атқаруда.

Қызметтегі ұқыптылығы мен кәсібилігі әріптестері арасында құрметке ие болуына себеп болды. Ол өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындап, жұмыстың сапасы мен тәртібіне ерекше мән береді.

Қызметтен тыс уақытта кітап оқуды ұнатады. Оның айтуынша, кітап адамды жаңа ойларға жетелеп, кәсіби және рухани тұрғыдан дамуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Базархан Ұзақбайқызы – үш баланың ардақты анасы. Ол қызмет пен отбасы міндеттерін қатар алып жүріп, жас қызметкерлерге үлгі көрсетіп келеді. Ана ретіндегі мейірімі мен қызметкер ретіндегі жауапкершілігі оның өмірлік ұстанымымен үндеседі.

«Қандай істі қолға алсаң да, адалдық пен жауапкершілікті бірінші орынға қою керек. Сонда ғана еңбек өз жемісін береді», – дейді ол.

Бүгінде әділет аға сержанты Мұқанова Базархан Ұзақбайқызы кәсіби біліктілігімен, еңбекқорлығымен және адамгершілік қасиеттерімен ұжым арасында сый-құрметке ие болып, Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерінің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.