Форма киген чемпион: Арман мен мақсаттың тоғысқан жері

Форма киген чемпион: Арман мен мақсаттың тоғысқан жері

Кейбір адамдардың балалық арманы уақыт өте келе көмескіленіп кетеді. Ал кейбір жандар сол арманға адал болып, оны өмірлік мақсатқа айналдырады. Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №77 мекемесінің жеке құраммен жұмыс жасау тобының кәсіби даярлық және дене шынықтыру бойынша аға инспекторы, әділет майоры Әбдікәрімов Берік Ермекбайұлы – сондай азаматтардың бірі.

Берік Ермекбайұлының бала күнгі ең үлкен арманы – әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлері секілді форма киіп, елге адал қызмет ету болатын. Ол үшін форма тек киім емес, тәртіптің, жауапкершіліктің және патриотизмнің символы болды. Сол арман оны өмір жолында алға жетелеп, бүгінгі офицерлік қызметіне алып келді.

Спорт та оның өмірінде ерекше орын алды. Ол 10 жасында бокс үйірмесіне қатысып, спорттағы алғашқы қадамын бастады. Бір жылдан кейін алғашқы жарысына қатысып, бірден І орын иеленді. Бұл жеңіс оның спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырып, үлкен мақсаттарға жетеледі.

– Алғашқы жеңісім мен үшін өте маңызды болды. Сол сәттен бастап спорт менің өмірлік серігіме айналды. Ол маған сенім, тәртіп және мақсатқа ұмтылуды үйретті, – дейді Берік Ермекбайұлы.

Мектеп және студенттік жылдарында да ол спорттан қол үзген жоқ. Тұрақты жаттығулар мен үздіксіз еңбектің нәтижесінде ол бокс, қоян-қолтық ұрыс, самбо және дзюдо сияқты спорт түрлерінен облыстық, республикалық және ведомстволық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы, жеңімпазы және жүлдегері атанды. Жуырда Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен бокстан республикалық чемпионатта І орын иеленіп, чемпион атанды.

2013 жылы Берік Ермекбайұлы қылмыстық-атқару жүйесі органдарындағы еңбек жолын Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қоныс-колониясында бақылаушы қызметінен бастады. Жас маманның кәсіби қалыптасуына алғашқы тәлімгері – әділет подполковнигі Бақтияр Әбуов үлкен ықпал етті.

Тәлімгері тек тәжірибелі қызметкер ғана емес, сонымен қатар спортта да жетістіктерге жеткен жан. Ол қол күресі, гір көтеру және штанга көтеру спорт түрлерінен чемпион атанған. Осылайша ол жас қызметкер үшін нағыз үлгі бола білді.

Берік Ермекбайұлы бүгінгі күнге дейін алғашқы тәлімгерімен тығыз байланысын үзген емес. Қызмет барысында күрделі жағдайлар туындаған кезде немесе маңызды шешім қабылдауда ол тәжірибелі аға буыннан кеңес алып, кәсіби бағыт-бағдар сұрап отырады.

– Тәлімгердің орны әрқашан бөлек. Бақтияр ағамыздан қызметтік тәртіпті, жауапкершілікті және адамдармен жұмыс істеу мәдениетін үйрендім. Бүгінде де ақыл-кеңесін алып отырамын. Аға буын тәжірибесі – біз үшін үлкен мектеп, – дейді ол.

Қызмет жолында ол өзінің болашақ жарымен танысып, отбасын құрды. Бүгінде төрт баланың ардақты әкесі. Жұбайы оның барлық бастамаларын қолдап, қызмет пен спорттағы жетістіктеріне әрдайым демеу болып келеді. Отбасы – оның өміріндегі ең үлкен құндылық.

Балаларын да спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеп келеді. Оның пікірінше, спорт адамды тәртіпке, шыдамдылыққа және мақсатқа жетуге үйретеді.

Әріптестері арасында ол талапшыл, әділ, жауапты және өз ісіне адал маман ретінде құрметке ие. Бүгінде жас қызметкерлердің кәсіби және дене даярлығын арттыруға белсене атсалысып жүр.

Берік Ермекбайұлы қызметтегі жоғары нәтижелері мен қоғамдық белсенділігі үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының, Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен мекеме басшылығының көптеген марапаттарына ие болған. Ол түрлі алғыс хаттар мен ведомстволық грамоталармен марапатталып, еңбегі лайықты бағаланған.

Балалық арманынан басталған жол бүгінгі күні үлкен жауапкершілік пен биік жетістікке ұласқан. Форма киюді армандаған бала бүгінде елге адал қызмет етіп жүрген офицер, спорттағы жетістігімен танылған чемпион және үлгілі отбасы иесі.

Оның өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың, патриотизмнің және отбасылық құндылықтардың жарқын көрінісі. Осындай қызметкерлер Қылмыстық-атқару жүйесінің беделін арттырып, жас буынға үлгі бола береді.