Маңғыстауда сотталғандар көше тазалап жүр: жаза ма, әлде жаңа мүмкіндік пе?

Маңғыстауда сотталғандар көше тазалап жүр: жаза ма, әлде жаңа мүмкіндік пе?

Маңғыстау облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар қоғамдық жұмыстар арқылы жазасын өтеумен қатар, қоғамға нақты пайдасын тигізіп жатыр.

Бүгінде өңір бойынша 66 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған. Жалпы Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметінің есебінде мыңға жуық тұлға бар. Олардың бір бөлігіне сот шешімімен қоғамдық жұмыстар тағайындалған. Бұл — тек жаза емес. Бұл — қайта бастау мүмкіндігі.

Мәселен, Маңғыстау ауданының бір ауылында 27 жастағы тұрғын ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Қазір ол ауыл аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарына қатысып жүр.

Ал Ақтауда 33 жастағы ер адам алаяқтық дерегі бойынша (190-бап) пробация есебінде тұр. Сот оған негізгі жазаға қоса қоғамдық жұмыстар жүктеген. Қазір ол аулаларды тазалап, қала көркін жақсартуға үлес қосуда. Әсіресе көктемгі кезеңде мұндай еңбек аса қажет.

Пробация қызметі өкілдерінің айтуынша, бұл тәсіл өзін толық ақтап отыр.

«Қоғамдық жұмыстар — бұл тек бақылау емес, адамның санасын өзгерту құралы. Біз үшін басты нәтиже — адамның қайта қателеспеуі», — дейді Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы әділет майоры Нұрлан Надиров.

Ал қоғамдық жұмысқа тартылғандардың бірі бұл тәжірибенің өзіне қалай әсер еткенін жасырмайды:

«Басында ауыр тиді. Бірақ кейін түсіндім — бұл мүмкіндік екен. Еңбек етіп, қоғамға пайда келтірген сайын өзің де өзгере бастайды екенсің. Отбасым үшін де жауапкершілікті сезіне бастадым», — дейді ол.

Мамандардың айтуынша, дәл осындай тәсілдер қайталама қылмыстың алдын алып, адамды қоғамға қайта бейімдеуде ең тиімді жолдардың бірі.