
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемеде жазасын өтеушілердің қатысуымен тәрбиелік-шығармашылық бағыттағы байқау ұйымдастырылды.
Мекемеде өткен байқау аясында сотталғандарға «Менің түзетуге және жаңа өмірге бастар жолым» тақырыбында шығарма жазу тапсырылды.
Шараның негізгі мақсаты – сотталғандардың қайта әлеуметтенуіне ықпал ету, мінез-құлқын түзетуге ынталандыру, сондай-ақ рухани-адамгершілік дамуын қолдау және болашаққа деген жауапкершілік көзқарасын қалыптастыру.
Байқау барысында қатысушылар өз ой-толғамдарын, өмірлік ұстанымдарын және түзелу жолындағы көзқарастарын шығармашылық форматта ұсынды. Іс-шараға жалпы 15 жазасын өтеуші қатысты.
Жұмыстарды арнайы құрылған бағалау комиссиясы қарап, байқау қорытындысы бойынша I, II және III орын иегерлері анықталды.
Мекеменің жасақ бастығы әділет майоры Нұрсұлтан Әтірханның айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталған азаматтардың жеке тұлғалық дамуына, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және қоғамға қайта бейімделу үдерісін күшейтуге оң әсер етеді.
Байқауға ұсынылған жұмыстардың бірінен мысал ретінде қатысушылардың бірі өз шығармасында былай деп атап өтті:
«Мен өткен өмірдегі қателіктерді өзгерту мүмкін емес екенін түсіндім, бірақ өзімді және өмірге деген көзқарасымды өзгертуге болатынын ұқтым. Бүгін мен үшін ең бастысы – тек жазамды өтеу емес, сол қателіктерден сабақ алып, қайта сол жолға түспеу. Мен өзіммен жұмыс істеп жүрмін және жаңа өмір бастауға мүмкіндік бар екеніне сенемін».
Автордың айтуынша, байқауға қатысу оған өмірлік басымдықтарын қайта саралауға, жеке жауапкершілікті сезінуге және болашақта заңға бағынатын өмір салтын ұстануға деген ниетін қалыптастыруға мүмкіндік берген. Сондай-ақ ол түзелу процесінде ішкі тәртіп пен айналаның қолдауының маңыздылығын атап өтті.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті мұндай бағыттағы тәрбиелік және мотивациялық іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.