Жаңаөзенде тонау үшін сотталған тұлға пробациялық бақылауды елемегені үшін қамауға алынды

Жаңаөзенде тонау үшін сотталған тұлға пробациялық бақылауды елемегені үшін қамауға алынды

Маңғыстау облысында 24 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты жаза түрін ауыстыру туралы сот шешімі қабылданды. Бостандықты шектеу жазасын өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзғаны үшін оған нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бұған дейін 2002 жылы туған Жаңаөзен қаласының тұрғыны қала сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 191-бабы (тонау) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленіп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеттелген.

Пробациялық есепке алынған сәттен бастап қызметкерлер сотталған тұлғамен түсіндіру жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мінез-құлық қағидалары мен заң талаптарын жеткізген. Алайда қоғамнан оқшаулаусыз түзелу мүмкіндігіне қарамастан, ол теріс мінез-құлық жолына түскен.

Жаңаөзен қалалық пробация қызметінің инспекторы, әділет лейтенанты Нұрболат Бисенбай жағдайға қатысты пікір білдірді:

«Сотталған азамат заң талаптарын сақтауға ниет танытпады. Бақылауды қамтамасыз ету мақсатында оған электронды білезік тағылған, алайда ол құрылғыны әдейі өшіріп, түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған. Сонымен қатар, сот тағайындаған 100 сағат мәжбүрлі еңбекті өтеу міндетін орындамаған. Ресми ескертулерге қарамастан, ол өз міндеттерін саналы түрде орындаудан жалтарды. Осыған байланысты сотқа жаза түрін ауыстыру туралы ұсыныс жолданды», — деді ол.

Жаңаөзен қалалық соты іс материалдарын және ҚАЖД қызметкерлерінің дәлелдерін қарастыра келе, аталған азаматты бостандықты шектеу жағдайында түзету мүмкін емес деген қорытындыға келді. Сот қаулысымен өтелмеген 2 жыл 8 ай жаза мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сотталған ер адам сот залында бірден қамауға алынды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтейтін болады.

Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті еске салады: бостандықты шектеу — сотталған адамға қоғамнан оқшаулаусыз түзелуге мүмкіндік беретін ізгі жаза түрі. Алайда пробация талаптарын елемеу және заң талаптарын бұзу жазаның қатаңдатылуына және нақты бас бостандығынан айыруға әкеледі.