
Наурызнама онкүндігі аясында, Наурыз мерекесінің екінші күні – Қайырымдылық күніне орай, Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеушілер қарттар үйінің аумағында абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында аумақ тазартылып, жолдар мен айнала ретке келтірілді. Сонымен қатар ағаштар мен бұталар әктеліп, жол жиектері сырланды.
Аталған жұмыстар қарттар үйінің аумағын абаттандыруға бағытталып, жазасын өтеушілерді қоғамдық пайдалы еңбекке тарту мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар бұл бастама Наурызнаманың қайырымдылық пен мейірімділікке үндейтін құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ғабит Бердишевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандардың қоғамға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және еңбек арқылы оң өзгерістерге бағыттауға мүмкіндік береді.
— Қайырымдылық күні аясында өткізілген бұл шара сотталғандарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту арқылы олардың жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай бастамалар қоғамдағы мейірімділік пен өзара қолдаудың маңызын көрсетеді, – деді ол.