Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында пробация есебіндегі тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу мәселелері талқыланды

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында пробация есебіндегі тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу мәселелері талқыланды
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында пробация есебіндегі тұлғаларды қоғамға қайта бейімдеу және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы кезекті жиын өтті.
 
Мұнайлы ауданы әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысы аудан әкімінің орынбасары Сара Ноғаеваның төрағалығымен ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты – жазасын өтеп жатқан тұлғаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыру және өзекті мәселелерді талқылау.
 
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Мұнайлы аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының міндетін атқарушы, әділет майоры Тілектес Құдайбергенова баяндама жасады.
 
Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда Мұнайлы ауданы бойынша пробация есебінде 170 тұлға тіркелген. Олардың әрқайсысымен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде.
 
«Біздің негізгі міндетіміз – сотталған тұлғалардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу және оларды қоғамға толыққанды бейімдеу», – деп атап өтті ол.
 
Отырыс барысында пробация есебіндегі тұлғаларды жұмыспен қамту, әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеуге жәрдемдесу, сондай-ақ кәсіптік оқыту мен қайта даярлау мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар тарапынан тек бақылау шараларымен шектелмей, нақты әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту қажеттігі атап өтілді.
 
Жиын қорытындысы бойынша:
•пробация есебіндегі тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмекті күшейту;
•жұмыспен қамту орталықтары мен пробация қызметі арасындағы өзара іс-қимылды нығайту;
•құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жандандыру бойынша нақты шешімдер қабылданды.