
Мұнайлы ауданында аудандық жұмыспен қамту орталығы мен Маңғыстау облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің қызметкерлері бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Іс-шараға аудан тұрғындары, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар тартылды. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдау көрсету, жұмыссыз азаматтарды тұрақты еңбекпен қамтамасыз ету, тиімді қоғамға қайта бейімдеу және қайта құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Пробация қызметінің мамандары қатысушыларға өз мамандығы мен біліктілігіне сәйкес жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы толық ақпарат берді.
«Біздің негізгі міндетіміз — тек қана есепте тұрған тұлғаларды бақылау емес, оларға қоғамға қайта бейімделуге нақты көмек көрсету. Тұрақты жұмыс пен әлеуметтік қолдау жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуда тікелей әсер етеді. Азаматтарды жұмыспен тарту және қоғамға қайта бейімдеу жұмыстары Маңғыстауда жүйелі түрде жалғасуда», — деді Мұнайлы аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нұрлан Надиров.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қатысушылардың жоғары қызығушылығын тудырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтарды әлеуметтік бейімдеу бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда нақты қадамға айналды. Пробация қызметі осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.