
Маңғыстауда Кабиболла Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында “Асмет-Ұлас” колледж студенттерімен құқық қорғау органдары өкілдерінің кездесуі өтті.
Іс-шара аясында кітапхана қызметкерлері «Заң және тәртіп» идеологиясы бағытында арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заң талаптарын құрметтеуге үндейді.
Кездесуге Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері қатысты. Олар студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымының салдары, қылмыстық жауапкершілік мәселелері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында тергеу изоляторында бұзақылық дерегі бойынша жазасын өтеп жатқан сотталған азаматпен телекөпір ұйымдастырылды. Ол өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, бір сәттік қателіктің қандай ауыр салдарға әкелетінін ашық айтты. Ашық диалог форматы студенттерге көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік берді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру.