Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық туралы Заң аясында Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 және №77 мекемелерінен үш сотталған азамат мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылды.
Рақымшылық шеңберінде босатылған азаматтар үшін «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған пробация қызметінің мамандары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, халықты жұмыспен қамту орталықтары мен әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының мамандары қатысты. Кездесу барысында босатылған азаматтарға әлеуметтік бейімделу, жұмысқа орналасу, құжаттарын қалпына келтіру және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша кеңес берілді.
Бостандыққа шыққан азаматтардың бірі өз пікірімен бөлісті:
«Қателікке бой алдырдым. Сол үшін бірнеше жылымды темір тордың ар жағында өткізуге тура келді. Бұл жылдар маған оңай болған жоқ. Ең қиыны — өзіммен бірге отбасым мен балаларымның да азап шеккені. Сол үшін өкінемін. Қайтадан қателікке бармауға уәде етемін. Енді бәрін артқа тастап, дұрыс жолмен өмір сүргім келеді», — деді ол.
Аталған шаралар босатылған азаматтарға жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік беріп, олардың қоғамға бейімделуіне және қайта қылмыс жасамауына бағытталған нақты қолдаудың бір көрінісі болды.