
Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты №38 мекемесінде сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелік және әлеуметтік жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған заманауи технологияларды енгізу.
Атап айтқанда, мекемеде 10 заманауи «Сөйлефон» бейнеқұрылғысы орнатылды. Бұл құрылғылар сотталғандарға өз туыстарымен бейнебайланыс арқылы тұрақты қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Қарапайым көрінгенімен, мұндай байланыс түрі олардың жан дүниесіне жылулық сыйлап, жақындарымен арадағы байланысты үзбеуге септігін тигізеді.
Отбасымен тұрақты қарым-қатынас – тұлғаның түзелу жолындағы маңызды факторлардың бірі. Осы орайда «Сөйлефон» құрылғылары сотталғандардың әлеуметтік байланыстарын сақтауға, қоғамнан алшақтап кетпеуіне және болашақ өмірге деген сенімін арттыруға оң әсерін тигізуде.
Мекемеде қолға алынған мұндай игі шаралар сотталғандардың моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, олардың қайта қылмыс жасау тәуекелін төмендетуге де өз үлесін қосуда. Бұл – қоғамға қайта оралатын азаматтардың дұрыс жолды таңдауына бағытталған маңызды қадамдардың бірі.