АЛМАТЫДА АКУШЕРЛІК, ГИНЕКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ПЕРИНАТОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

АЛМАТЫДА АКУШЕРЛІК, ГИНЕКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ПЕРИНАТОЛОГИЯ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

 

Алматыда Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының 50 жылдығына арналған мерейтойлық конгресс өтті.

Форумның жұмысына Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Литва, Чехия, Словения, АҚШ және басқа да елдерден келген 1500-ден астам қатысушы, жетекші ғалымдар мен дәрігерлер, сондай-ақ ДДҰ мен ЮНФПА сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері, медицина ғылымы мен білімінің өкілдері қатысты.

Құрметті қонақтардың қатарында – Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова, акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Нина Каюпова, Ұлттық ғылым академиясының, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың, халықаралық ұйымдар мен іргелі медициналық мекемелердің өкілдері болды.

Конгрестің қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ғылыми орталықтың аналар мен балалардың денсаулығын сақтау жүйесін дамытуға қосқан жарты ғасырлық үлесінің маңыздылығын атап өтті.

«Орталықтың негізін қалаушылардың, оның ішінде 16 жылдан астам уақыт басшылық еткен Нина Әмірқызы Каюпованың рөлін ерекше атап өткен жөн. Қазақстанда әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау – басым бағыттардың бірі болып табылады. Мемлекет басшысы отандық медицинаның алдына жауапты міндеттер қойып отыр. Ана мен бала өлімінің көрсеткіштері – елдің әлеуметтік-демографиялық өркендеу деңгейінің негізгі, базалық индикаторлары болып табылады және бұл көрсеткіштер ел басшылығы мен қоғамның жіті бақылауында», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Екі күнге созылған конгресс аясында ғылыми сессиялар, пікірталастар, бірлескен жобалардың таныстырылымдары өтіп, әйелдер мен перинаталдық денсаулықты жақсартуға арналған стратегиялар талқыланды.

Ғылыми орталықтың негізін қалаушы Нина Әмірқызы Каюповаға ерекше құрмет көрсетіліп, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай шығарылған естелік медаль табысталды. Бұл марапат – оның ғылым мен әйелдер денсаулығын сақтау ісіне сіңірген ерен еңбегінің мойындалуы.

Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының алдағы жоспарларында – цифрлық шешімдерді дамыту, халықаралық ынтымақтастықты, коллаборацияларды кеңейту, профилактикалық медицинаның рөлін нығайту және қазақстандық әйелдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау үшін жаңа бағдарламаларды әзірлеу бар.