Бүгінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде дәрістер, семинарлар, тренингтер, консультациялар, ата-аналар мен тәлімгерлермен кездесулер өтіп жатыр.
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы неғұрлым көп білсеңіз, өзіңізді де, жақындарыңызды да соғұрлым жақсы қорғай аласыз.
ЖЖБИ деген не?
Бұл — қорғаныссыз жыныстық қатынас кезінде, қан арқылы, анадан балаға жұғатын инфекциялар. Олардың қатарына АИТВ, мерез, хламидиоз, адам папилломасы вирусы, В гепатиті, герпес және басқалар жатады.
Олар қаншалықты қауіпті?
Көптеген ЖЖБИ-дың ұзақ уақыт бойы ешқандай симптомдары білінбейді. Бірақ салдары өте ауыр болуы мүмкін:
• бедеулік (ерлерде де, әйелдерде де);
• созылмалы қабынулар;
• жүктілік кезіндегі асқынулар;
• онкологиялық аурулар (мысалы, жатыр мойны обыры);
• АИТВ-ның берілуі.
ЖЖБИ қорғаныссыз секс кезінде, стерилді емес шприцтерді қолдану арқылы, босану немесе емізу кезінде анадан балаға жұғады.
Келесі симптомдар пайда болса, сақ болған жөн:
• шығындылардың пайда болуы;
• несеп шығарғанда ашу, қышу, ауырсыну;
• жыныс ағзаларында жара, бөртпе немесе өсінділер.
Егер осындай белгілердің бірін байқаған болсаңыз, міндетті түрде және мүмкіндігінше тезірек дәрігерге (гинекологқа, урологқа, дерматовенерологқа) жүгініңіз.
Өзіңізді қалай қорғауға болады:
• әрдайым презерватив қолданыңыз;
• тұрақты түрде зерттеп-қараудан өтіп тұрыңыз;
• жыныстық серігіңізбен ЖЖБИ тақырыбын ашық талқылаудан ұялмаңыз;
• бөгде ине, шприц, жеке гигиена заттарын пайдаланбаңыз;
• В гепатиті мен АПВ-ға қарсы екпе алыңыз.
Егер диагноз расталса — міндетті түрде емделу қажет. Емді екі серіктес те, тіпті біреуінде симптомдар болмаса да қабылдауы тиіс. Емді үзуге болмайды. Емделген соң — міндетті түрде қайтадан талдаулар тапсыру қажет.
Жасөспірімдер мен жастар — әсіресе осал топ. Көбіне олар қайда жүгінерін, кімге сенетінін білмейді. Мұндай жағдайларда емханалар жанынан ашылған Жастар денсаулығы орталықтарына баруға болады. Мұнда құпия сақтала отырып, тегін консультация алуға болады.