ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
⚡️Жобаның шеңберінде үш негізгі міндет — ауылдарды бастапқы буын ұйымдарымен қамтамасыз ету, білікті медициналық кадрларды тарту және ауыл халқына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру шешіледі деп жоспарлануда.
Министрдің мәліметінше, жобаны іске асыру басталғаннан бері фельдшерлік-акушерлік пункттерді, медициналық пункттерді және дәрігерлік амбулаторияларды қоса алғанда, жоспарланған 655 нысанның 467-сі салынды. Бұл ретте бұрын медициналық инфрақұрылымы болмаған ауылдарда 175 нысан пайда болды, 292 ғимарат ескірген және жарамсыз үй-жайларды ауыстырды.
«Аталған шаралар ауыл тұрғындары үшін 456 қосымша күндізгі стационар төсегін ашуға мүмкіндік берді. Қазір 80 мыңнан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекке қол жеткізе алады. Жалпы, бірінші міндет ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
✔️Медицина кадрларының тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңадан іске қосылған медициналық нысандарға 174 медицина маманы, оның ішінде 42 дәрігер және орта медициналық білімі бар 132 маман жіберілді. Қалған нысандар аяқталған кезде 2025 жылы тағы 143 дәрігерді тарту жоспарлануда.
«2024 жылдан бастап ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 100 ЕТЖ – 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылуда"» - деп еске салды ведомство басшысы.
Ұлттық жобаны іске асыру ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Ол үшін заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған мамандандырылған бөлімшелердің ашылуымен 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық ауруханаларды жаңғырту көзделген.
🔵Бүгінгі таңда осындай алты нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды: үшеуі Түркістан облысында, біреуі - Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында.
▶️Бұл ауруханаларда инсульт орталықтары, хирургия және травматология бөлімшелері, перзентханалар жұмыс істейді.
«Алтын сағат» қағидаты бойынша медициналық көмекті қамтамасыз ету мақсатында бұл аудандық орталық ауруханалар компьютерлік томографтармен, МРТ және ангиографтармен қосымша жабдықталатын болады.
2025 жылдың соңына дейін тағы 12 КАОА пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 14 нысандағы құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
🤝Өз сөзінің соңында министр ұлттық жобаны іске асырудың арқасында заманауи стандарттарға сәйкес келетін және ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне тиімді жауап беретін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің заманауи жүйесі қалыптасып жатқанын атап өтті.