Т.МҰРАТОВ ШЫҰ ЕЛДЕРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛЕРІНІҢ СЕГІЗІНШІ КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

Т.МҰРАТОВ ШЫҰ ЕЛДЕРІНІҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛЕРІНІҢ СЕГІЗІНШІ КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

 

Сиань қаласында (ҚХР) Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің Сегізінші кеңесі өтті.

Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов басқарды.

Іс-шара барысында қатысушылар апат медицинасын дамыту, медициналық көмекті жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу және дәстүрлі медицинаны ілгерілету мәселелерін талқылады.

Кеңес барысында сөз сөйлеген вице-министр Мұратов Қазақстанның ШЫҰ шеңберінде көпжақты ынтымақтастықты дамытуға бейілді екенін атап өтті. Ол қатысушы елдердің арасындағы өзара іс-қимыл сенімге, прагматизмге және ортақ мүдделерді ескеруге негізделгенін айтты.

«Азаматтардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік әл-ауқаты денсаулық сақтау деңгейіне тікелей байланысты, бұл барлық ШЫҰ мемлекеттері үшін басты басымдық болып табылады», — деді Тимур Мұратов.

Кездесу қорытындысы бойынша Қорытынды Хаттамаға қол қойылды.

Сапар шеңберінде вице-министр ҚХР Денсаулық сақтау ұлттық комиссиясы директорының орынбасары, партиялық топ мүшесі Цао Сюэтаомен, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен жұмыс кездесулерін өткізді. Тараптар өзекті ынтымақтастық мәселелерін талқылап, бірқатар бағыттар бойынша келісімдерге қол жеткізді.