Атырауда артроскопиялық әдісті қолдана отырып, 11 жасар балаға бірегей операция сәтті жүргізілді.
Артроскопиялық трансоссалдық фиксация – арнайы құралдың көмегімен буынішілік сынуды ішкі тұрақтандыру әдісі.
Облыстық аурухананың дәрігерлері алғаш рет батыс өңірде осындай күрделі сүйек операциясын жасады.
Пациентке оң жақ үлкен жіліншіктің айдаршықаралық бөлігінің сынуы диагнозы қойылды. Сондай-ақ, тізе буыны қуысына қан құйылу (гемартроз) тіркелді, бұл ауыр жарақат кезінде жиі кездеседі.
Операция облыстық балалар ауруханасы мен облыстық аурухананың травматолог дәрігерлерінің бірлескен күш-жігерімен жүргізілді. Артроскопиялық әдіс жоғары дәлдікті және ерекше шеберлікті қажет етеді. Дәрігерлер зақымданған сүйекті ішінен ақырын қалпына келтіріп, мықтап бекітті, бұл баланың тез және толық қалпына келуіне ықпал етеді.
Артроскопиялық трансоссалдық бекіту бұрын Астана қаласындағы Ана мен баланың ұлттық орталығында ғана жүргізілген болатын.