
Бүгін Астанада Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев пен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюмнің қатысуымен Орталық Азиядағы туберкулезге қарсы күрес жөніндегі жаңа өңірлік бағдарламаның тұсаукесері өтті.
АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауымен қосылатын жаңа өңірлік бес жылдық жоба Орталық Азия өңіріндегі (ОАӨ) туберкулездің, әсіресе дәріге төзімді туберкулездің ауыртпалығын азайтуға бағытталған.
Вице-министр өзінің кіріспе сөзінде АҚШ-тың халықаралық даму агенттігіне (USAID) туберкулезге қарсы күрестегі көпжылдық жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
«Халықаралық әріптестер мен донорлар тарапынан тұрақты қолдаудың арқасында Қазақстанда ДДҰ ұсынған, үздік халықаралық практикаларға негізделген, дәлелділіктің жоғары дәрежесі бар, кейіннен бюджет қаражаты есебінен толық қаржыландырумен қамтамасыз етілетін туберкулезді және туберкулез инфекциясын ерте диагностикалау, тиімді емдеу, профилактикасы бойынша жаңа технологиялар енгізілуде» - деп атап өтті Е.Нұрлыбаев.
Туберкулезді жою ісіндегі күш-жігерді біріктіру, Қазақстанда емдеу мен профилактиканың заманауи стандарттарын енгізу нәтижесінде соңғы 20 жылдың ішінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, соңғы 20 жылдың ішінде бұл инфекциямен сырқаттанушылық көрсеткіші 4,6 есе, өлім 18,7 есе төмендеді.
Даниэль Розенблумның айтуынша, USAID отыз жылға жуық уақыт бойы Қазақстандағы туберкулезге қарсы күрес жөніндегі ұлттық бағдарламамен ынтымақтасып келеді және оның туберкулездің ауыртпалығын азайту және қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі ортақ мақсаттарын қолдайды. Ол Қазақстан мен Орталық Азияның барлық елдері диагностиканы, емдеуді және қаржыландыруды жақсарту есебінен туберкулезге қарсы күресте керемет прогреске қол жеткізгенін атап өтті.
Жобаның тұсаукесері бойынша іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, Орталық Азия Денсаулық сақтау министрліктерінің, туберкулезге қарсы күрес жөніндегі ұлттық бағдарламалардың (ТҰБ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДҰ), ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күрес жөніндегі жаһандық қорды (ЖТБЖҚ) қоса алғанда, халықаралық әріптестердің, «Туберкулезді тоқтату» серіктестігінің, USAID елдік миссияларының, USAID және азаматтық қоғам ұйымдарының екіжақты жобаларының өкілдері қатысты.