
РФ президентінің Астанаға мемлекеттік сапары шеңберінде Қазақстан мен Ресей Денсаулық сақтау министрлерінің кездесуі өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы медициналық көмектің сапасын жақсартуға және екі ел халқының денсаулығын нығайтуға бағытталған денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту болды.
Келіссөздер барысында тараптар бірқатар ауруларды емдеуде инновациялық технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмасуды, денсаулық сақтаудың бастапқы буынын жаңғыртуды, медицинада заманауи цифрлық технологияларды енгізуді, медицина кадрларын даярлау саласындағы әріптестікті дамытуды қоса алғанда, бірлескен жұмыстың өзекті мәселелерін талқылады.
Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Михаил Мурашко елдің жетекші республикалық клиникаларының жұмысымен танысты. Ол UMC жүрек орталығының бөлімшелеріне барды, онда жылына 10 мыңға дейін жүрек операциясы жасалады, оның ішінде 2000 ашық жүрек операциясы және 700-ден астам балаға жасалады.
Сапар барысында онкологиялық пациенттерді диагностикалау мен емдеуге арналған озық жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған ядролық медицина, сәулелік және протондық терапия орталықтары орналасқан Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы Ресей делегациясының ерекше қызығушылығын тудырды. Жаңа клиника Қазақстан мен ТМД елдерінде теңдесі жоқ бірыңғай кешенді мультидисциплиналық жүйе қағидаты бойынша құрылған бірегей медициналық кластер болып табылады.
Әрі қарай Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрі Медициналық авиацияның қызметімен, жаңа көпбейінді ауруханамен және Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығының қабырғасындағы жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен танысты. Ол сондай-ақ күрделі патологияларды емдеудің инновациялық әдістерін атап өтіп, Ұлттық нейрохирургия орталығына барған кезде медициналық көмек көрсету деңгейін жоғары бағалады.
«Біз әрбір азаматтың денсаулығын жақсарту үшін күш біріктіруге дайынбыз. Біздің әріптестігіміз денсаулық сақтау саласындағы озық шешімдерді енгізу және медициналық көмектің тұрақты жүйесін құру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», - деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақмарал Әлназарова.
Кездесудің қорытындысы бойынша екі мемлекеттің министрлері медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға деген сенім мен ортақ мүдделіліктің жоғары деңгейін атап өтіп, тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Сапар соңында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, ол ұзақ мерзімді перспективада өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары мен нысандарын қамтиды.