ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨҢІР ДӘРІГЕРЛЕРІМЕН ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨҢІР ДӘРІГЕРЛЕРІМЕН ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ

Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келді.

Ведомство басшысы халықпен кездесулер өткізді, өңірдің бірқатар медициналық нысандарын аралады, азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдады және брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Министр халық тығыз қоныстанған Сауран ауданына барып, аудандық емхананың жай-күйімен танысты. Медициналық ұйымның құрылымында 5 медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы, 10 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық пункттер, жедел жәрдем бригадалары, зертханалық бөлімше, жылжымалы медициналық кешен бар.

Сондай-ақ, ведомство басшысы 94 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін Түркістан қалалық емханасының жұмысымен танысты.

Түркістанға сапары барысында министр өңірдің медициналық ұйымдарының басшыларымен бірге жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың сұрақтарын тыңдады. Ақмарал Әлназарова халықты бастапқы буын деңгейінде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

Министр өңір тұрғындарын шетелге квота беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауру диагнозын нақтылау мәселелері бойынша шағымдармен жеке қабылдады. Барлық өтініштер ведомство басшысының жеке бақылауына алынды, жауапты басшыларға проблемалық мәселелерді шешуге жәрдемдесу тапсырылды.