СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ШТАТТЫҚ РЕЖИМДЕ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ШТАТТЫҚ РЕЖИМДЕ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында су басқан аймақтардағы тұрғындарға медициналық көмек көрсету жағдайымен танысты.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 10 мың 300 адам эвакуацияланды, уақытша орналастыру пункттерінде 700 тұрғын бар.

Тимур Сұлтанғазиев қатты су басқан Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласының эвакуациялық пункттерінде болды. Мұнда ол медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, дәрі-дәрмек қорларының жеткіліктілігіне көз жеткізді. Бұдан әрі бірінші вице-министр Петропавлдың 1-ші қалалық ауруханасы жанындағы инфекциялық бөлімшенің жұмысымен танысты.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен Заречный кентінің тұрғындары қаланың екі мектебіне орналастырылды. Олар тәулік бойы психологтар мен дәрігерлердің бақылауында.

Бұдан басқа, облыстық перинаталдық орталыққа су басу қаупі төнген шалғай аудандар мен ауылдардан жүкті әйелдер алдын ала жеткізілді. Олар перинаталдық орталықта білікті медициналық көмек алуда.

Жұмыс сапары барысында облыстық әкімдіктің жанынан құрылған Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аумақтық жедел штабтың отырысы өткізілді. Жиында Тимур Сұлтанғазиев өңір тұрғындарын сапалы медициналық көмекке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді тапсырды.