ЕРБОЛ ОСПАНОВ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ЕРБОЛ ОСПАНОВ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Цифрландыру мәселелері жөніндегі денсаулық сақтау вице-министрі болып Ербол Дүйсебайұлы Оспанов тағайындалды.

Бұған дейін ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған.

Ербол Оспанов 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 2002 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1999 жылы «Қазтеміржолкөлікжобалау» АҚ-да инженер болып бастады.

«Қазақстан темір жол көлігінің ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жоба жетекшісі, «Қаржы жүйесін ақпараттандыру орталығы» АҚ-да жетекші инженер-жобалаушысы болып қызмет атқарды.

Әр жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басшылық қызметтер атқарды.