
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ҚР ДСМ медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссиясының ( СБК) мүшелігіне кандидаттарды іріктеуді жүргізуде.
СБК ҚР ДСМ жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультациялық-кеңесші орган болып табылады және стандарттауды, клиникалық хаттамаларды, денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылау жүйесінің стандарттарын жетілдіру, сондай-ақ Кодекстің 25-бабына сәйкес субъектілерді аккредиттеу бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін құрылған.
СБК мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі – ҮЕҰ), мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдерінен тұрады. СБК құрамындағы мемлекеттік органдардың өкілдері СБК мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен аспайды. Әрбір ҮЕҰ-дан, мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарынан СБК құрамына тек бір ғана өкіл кіреді.
Іріктеуге қатысу үшін үміткерлер жұмыс тобына келесі құжаттарды ұсынуы қажет:
1) еркін нысандағы өтініш;
2) өмірбаяндық деректерді көрсете отырып, кәсіби және (немесе) қоғамдық қызмет туралы мәліметтерді қамтитын, фотосуреті және байланыс деректері бар түйіндеме (телефон, электрондық мекенжай);
3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері;
4) жоғары медициналық білім туралы дипломның көшірмесі;
5) денсаулық сақтау саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілін, оның ішінде басшы лауазымдарда және (немесе) мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттың; ғылыми дәреже беру туралы құжаттың және (немесе)дипломның (бар болса) көшірмесі;
6) соттылығының жоқтығын, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда соттылығының жоқтығын растайтын құжат;
7) психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдардағы диспансерлік есепте тұрғандығы немесе тұрмағандығы туралы растайтын құжат.
ҮЕҰ үміткерлері ҮЕҰ-ға мүшелігін растайтын құжатты және СБК-ғаөкілдік ету туралы өтінішті ұсынады.
СБК мүшелігіне үміткерлердің құжаттары 2024 жылғы 15 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасы 010000, Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, 5 кіреберіс мекенжайы бойынша және OKK2024-26@ mail.kz электрондық почта арқылы қабылданады.
Анықтама үшін телефон: 74-35-02.