Жетісу облысының Көксу ауданында аудандық орталық аурухананың базасында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету бойынша үздік практикалар орталығы ашылды. Жұмысы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жаңа медициналық мекеме Балпық би ауылының тұрғындары үшін есігін айқара ашты.
Жаңа орталықта пациенттерге кешенді медициналық көмек қана емес, сонымен қатар әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Қабылдауды жоғары білікті мамандар: отбасылық дәрігерлер, акушерлер, мейіргелер, әлеуметтік қызметкерлер және психологтар жүргізеді. Орталықтың ашылуына қатысқан медицина ғылымы докторларының пікірінше, мұндай мекемелердің жұмысы пациенттерге толық және жан-жақты күтім жасауға ықпал етеді.
"Бұл орталық екі бағытта жұмыс істейді: біріншісі - отбасылық, мұнда көмек көрсету, екіншісі - патронаж. Мұнда патронаждық мейіргерлердің үйлерді аралап, білікті көмек көрсетуі үшін сапалы жұмыс істеуі үшін жағдай жасалған", - дейді Көксу аудандық орталық ауруханасының директоры Жаннұр Сырымов.
МСАК-тың үздік практикаларын енгізудің осындай жобалары Қазақстанда ДДҰ әдіснамалық қолдауымен іске асырылуда және олар республиканың 13 өңірінде ашылды. Айта кету керек, Жетісу облысында медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша үздік практикалар орталықтары екі медициналық мекеменің жанынан: Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы аудандық орталық аурухананың базасында және Талдықорған қалалық №1 емханасында ашылды.
"Мемлекеттің басты мақсаты - халықтың денсаулығын нығайту үшін медициналық көмек көрсету сапасын арттыру. Сондықтан еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде медициналық алғашқы көмек көрсетудің үздік практикалары қабылдануда. Тек осылай ғана біз Президент қойған міндеттерге қол жеткізе аламыз", - деп атап өтті ҚазҰМУ кафедра меңгерушісі Құралбай Құрақбаев. Қазіргі уақытта Көксу ауданында 26 денсаулық сақтау объектісінде медициналық көмек ала алатын 40 мыңға жуық тұрғын тұрады. Олардың барлығы заманауи жабдықтармен жабдықталған және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ал 2025 жылға қарай өңірде тағы 6 жаңа фельдшерлік-акушерлік және 9 блок-модульдік медициналық пункт салу жоспарлануда.