ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ДДҰ-НЫҢ МСАК БОЙЫНША ДЕМОНСТРАЦИЯЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ЗЕРДЕЛЕУ ҮШІН ШВЕЦИЯҒА БАРДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ДДҰ-НЫҢ МСАК БОЙЫНША ДЕМОНСТРАЦИЯЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ЗЕРДЕЛЕУ ҮШІН ШВЕЦИЯҒА БАРДЫ

Құрамында  МСАК мамандары, ҚР ДСМ құрылымдық бөлімшелерінің және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары бар қазақстандық делегация ДДҰ-ның МСАК жөніндегі географиялық қашықтағы офисімен әріптестікте Швецияға барды.

Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылдың наурыз айында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында еуропалық өңірде ДДҰ-ның МСАК бойынша алғашқы демонстрациялық платформасы ашылды. Басқа елдердің денсаулық сақтау сарапшылары МСАК қызметтерін көрсету үшін көпбейінді командаларды ұйымдастырудағы Қазақстанның тәжірибесін зерделей алады. Осы платформаның негізінде Қазақстанда Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және т. б. делегациялар оқытылды.

Елдердің Қазақстан мысалында МСАК-ты ұйымдастырудың табысты практикаларын оқытуға мүдделілігі ескеріле отырып, Швецияда цифрлық шешімдердің көмегімен шалғайдағы, халқы аз ауылдық өңірлерде МСАК қызметтерін ұйымдастыруды оқыту және мейіргерлердің құзыреттерін кеңейту үшін МСАК бойынша ДДҰ-ның екінші демонстрациялық платформасы ашылды.

Қазақстан Швецияда денсаулық сақтау саласында тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысу үшін ДДҰ шақырған алғашқы елдердің бірі болды.

Сапардың барысында Швецияның Денсаулық сақтау және әлеуметтік істер министрлігінің, басқа да мемлекеттік ведомстволардың өкілдерімен, салалық сарапшылармен, ғылыми топтардың өкілдерімен кездесулер өткізілді. Өзекті мәселелер талқыланды, денсаулық сақтау қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және медициналық көмектің сапасын арттыру, пациенттердің мүмкіндіктерін кеңейту және Швеция мысалында үздік практикалармен алмасу үшін қашықтықтан цифрлық шешімдерді зерделеу өтті.

Қазақстан делегациясы Швед тарапымен одан әрі әріптестікті жалғастыруға қызығушылық білдіріп, МСАК-ты жақсарту және пациенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.