Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жапондық компанияның өкілдерімен өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Ведомство басшысы Күншығыс елімен стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендігін және көрсеткен бастамасы үшін ризашылығын білдірді.
«Біз жапондық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды белсенді қолданамыз. Жақын арада біз Елші мырзамен бірлесе отырып, Жапония тарапынан сыйлық ретінде алған жаңа компьютерлік томографпен бірге ТОҒЗИ-да диагностика кабинетін ашуды жоспарладық. Бізді ядролық медицинаның дамуы қызықтырады, сондай-ақ жоғары технологиялар трансферті бойынша жобаларды қарастыруға дайынбыз», - деді кездесу барысында министр.
Жапондық IMC group NAKAMURA Tetsuya компаниясының бас директоры өз кезегінде Токио округіндегі клиникаларының желісі туралы айтып, гериатрия, медициналық туризм, оңалту қызметі саласындағы жетістіктерімен бөлісуге дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында А. Ғиният жапондық компания өкілдерін өзара тиімді шарттарда қазақстандық денсаулық сақтау саласына инвестор ретінде шақырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесіндегі МСАК-тың өсіп келе жатқан рөлін атап өтіп, министр жапондық әріптестерін Халықаралық деңгейде МСАК-ты дамыту мәселелеріне жұртшылық пен саяси қайраткерлердің назарын аудару үшін мемлекеттер коалициясын құру арқылы МСАК бойынша Астана декларациясын бірлесіп ілгерілетудегі Қазақстанның бастамаларын қолдауға шақырды.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, А. Ғиният жапондық тарапты 2023 жылғы 23-26 қазан аралығында Астана қаласында өтетін осы мерейтойлық күндерге арналған МСАК жөніндегі жаһандық конференцияға және ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші отырысына қатысуға шақырды.