
Бүгін елордада «Радиологиядағы жаңа көкжиектер» атты 10-шы Еуразиялық радиологиялық форум өз жұмысын бастады.
Халықаралық ауқымдағы іс-шараны Астана медицина университеті екі жылда бір рет Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткізеді және еліміздің қазақстандық радиологиялық қоғамының білім беру қызметіндегі маңызды оқиғалардың бірі болып табылады.
Еуразиялық радиологиялық форумның жұмысына әлемнің 30-дан астам елінен, соның ішінде Австрия, Түркия, Франция, Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Үндістан, Ресей, Өзбекстан және т. б. 60-тан астам жетекші мамандар мен жақын және алыс шетелдердің ғалымдары қатысады. Іс-шараны ұйымдастыруға «University Medical Center» және «Қазақстандық радиологиялық қоғам» қатысты.
Форумды аша отырып, Астана медицина университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Камалжан Надыров мұндай көлемдегі іс-шараны өткізудің өзектілігі онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, өкпе және өзге де әлеуметтік мәні бар аурулармен күресте сәулелік диагностика мен сәулелік терапияның жоғары рөліне байланысты екенін атап өтті. Форумға қатысушыларға арнаған сөзінде ол академик Жанғали Хамзабайұлы Хамзабаев атындағы радиология ғылыми-зерттеу институтының ашылуын жариялады. Институтты құру академик тірі кезінде құрған радиология ғылыми мектебін дамытудың логикалық қадамы болып табылады және радиологиялық қызметтің өсіп келе жатқан рөлінен және оның Қазақстан Республикасындағы қызметіне тиісті ғылыми және әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады, деп атап өтті ректор.
Форум 1 шілдеге дейін жалғасады, үш күннің ішінде сарапшылар ең өзекті және басым бағыттарды талқылауға ниетті, олардың ішінде: нейрорадиология, кардиоторакалды, абдоминалды және урогениталды, сондай-ақ педиатриялық, интервенциялық радиология және сүйек-буын жүйесінің радиологиясы. Форумның шеңберінде сарапшылар сүт безі ауруларының сәулелік диагностикасының, ядролық медицинаның, телерадиологияның жетістіктері мен даму перспективаларын, сондай-ақ жасанды интеллект пен радиологиядағы менеджмент мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.