АЛМАТЫДА САРАПШЫЛАР ЖҮРЕК-ҚАН ТАМЫРЛАРЫ ПАТОЛОГИЯСЫН ДИАГНОСТИКАЛАУ МЕН ЕМДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАЙДЫ

АЛМАТЫДА САРАПШЫЛАР ЖҮРЕК-ҚАН ТАМЫРЛАРЫ ПАТОЛОГИЯСЫН ДИАГНОСТИКАЛАУ МЕН ЕМДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАЙДЫ

Алматыда Қазақстан кардиологтарының XV мерейтойлық Конгресінің алаңында Ұлыбритания, Франция, Италия, Израиль, Түркия, Сербия, Ресей, Грузия, Украина және Қырғызстанның жетекші сарапшылары жүрек-қан тамырлары патологияларын диагностикалау мен емдеудің инновациялық тәсілдерін талқылауда.

Іс-шара барысында жүрек-қан тамырлары патологияларын диагностикалау мен емдеу бойынша соңғы жаңалықтар талқыланады, негізгі қазақстандық және халықаралық спикерлермен телекөпірлер өтеді, медициналық практикадан неғұрлым айқын жағдайларды талдау және клиникалық ұсынымдарды талқылау жүргізіледі.

Пікірталас клубтары форматында жас ғалымдардың дәстүрлі байқауы, екінші рет - қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың резидент-кардиологтары арасында байқау өтеді.

Форумның шеңберінде ESC-2022 өкпе гипертензиясын диагностикалау мен  емдеу, сондай-ақ қарыншалық аритмиясы бар науқастарды емдеп-қарау  және кенеттен жүрек өлімінің профилактикасы бойынша ұсынымдар шығарылды. Жүкті әйелдердің өміріне қауіп төндіретін жоғары қауіпті жағдайлардың профилактикасы, жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасындағы саламатты өмір салтының рөлі, коронарлық артериялардың обструктивті зақымдануынсыз миокард инфарктісін емдеу ерекшеліктері мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар, форумның күн тәртібінде 2022 жылғы жаңа клиникалық ұсыныстардағы ишемиялық инсульттің қайталама профилактикасы және негізгі жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасы мен емдеу бойынша соңғы халықаралық клиникалық ұсыныстар және т.б. көрсетілген.

Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемде және Қазақстанда өлімнің негізгі себебі болды және болып қала береді. Жедел және созылмалы жүрек аурулары бар пациенттерде кардиоваскулярлық оқиғалардың профилактикасы және қауіптерді  тиімді басқару жүрек-қан тамырларының өлімі  мен жалпы өлімді азайтады.

COVID-19 пандемиясының 2 ауыр жылынан кейін алғаш рет ҚР халқының жалпы өлім-жітімінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,7%-ға төмендеуі, оның ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 33,7%-ға төмендеуі байқалды.

«Еліміздің барлық өңірлерінен келген ауыр және диагностикасы қиын жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерге мамандандырылған, жоғары технологиялық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсете отырып, біз олардың өмір сүру сапасын емдеуге, диагностикалауға, оңалтуға және арттыруға өз үлесімізді қосамыз», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов.

«Кеше және бүгін біздің жетекші кардиологтар, аритмологтар, функционалдық диагностика дәрігерлері конгрестің ғылыми бағдарламасы шеңберінде жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі, жүрек ырғағының күрделі бұзылулары және т.б. бар пациенттерді емдеу мен оңалту бойынша өз тәжірибелерімен бөлісуде», - дейді Марат Орынбасарұлы.

Еліміздің үздік кардиологтары ҚР кардиологтар қауымдастығының дипломдарымен марапатталды. КВБ ҒЗИ рентгендік-эндоваскулярлық оперблок меңгерушісі Алексей Колесниковқа «Ақ жүрек» номинациясы бойынша диплом мен мүсін табыс етілді.

Мұндай конгрестер мамандарға соңғы ғылыми жетістіктер туралы білуге, өзекті мәселелерді талқылауға және ортақ мақсаттарға жету үшін ынтымақтасуға мүмкіндік береді.

Форумды ұйымдастырушылар: С. Асфендияров атындағы  ҚазҰМУ, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық, ҚР Кардиологтар қауымдастығы, Жүрек функциясының жеткіліксіздігі жөніндегі Еуропалық қауымдастық және Қазақстандық жүрек  функциясының жеткіліксіздігі жөніндегі мамандар қоғамы.