
Алматы қаласында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Халел Досмұхамедұлы - ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері» республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен бірлесіп Х. Досмұхамедұлының 140 жылдық мерейтойына орай «Х. Досмұхамедұлы – ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері» атты республикалық ғылым-практикалық конференция ұйымдастырды.
Конференцияға С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Марат Шоранов бастаған медицина жоғары оқу орнының барша ұжымы, ҚР ДСМ аппарат басшысы Батырбек Әбділдин, «Арыс» қорының президенті, ф.ғ.д. Ғарифолла Әнес, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ф.ғ.к., доцент Аманқос Мектеп-тегі, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, п.ғ.к. Ғабит Базарғалиев, сондай-ақ Халел Досмұхамедұлының туған-туысқандары Әсия Абдрахимова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Алматы қаласы Құсман Шалабаев және ҚР жоғары және арнайы орта медициналық оқу орындарының оқытушылары, ҚР ДСМ салалық терминологиялық комиссиясының мүшелері және медицина саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер қатысты.
Іс-шара алаңында дәрігер, көп қырлы дарынды ғалым, саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, лингвист, әдебиеттанушы, насихаттаушы, шебер аудармашы, терминолог Х. Досмұхамедұлының ғылыми еңбектері жайында сүбелі ойлар айтылып, ғылыми еңбектеріне шолу жасалды.
Конференция шеңберінде университеттің студенттері арасында Х. Досмұхамедовтың 140 жылдық мерейтойына орай "Тұғыры биік тұлға" эссе конкурсы өтті, университеттің 40 студенті эссе жазды, соның ішінде ең үздік 6 студент жеңімпаз атанып, құрмет грамоталарымен, ақшалай сертификатпен және Х. Досмұхамедұлының "Адамның - тән тірлігі" кітабымен марапатталды. Сонымен қатар Университет музейінде Х. Досмұхамедұлына арнайы көрме және "Халел Досмұхамедұлы - ұлт мақтанышы" деректі фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында қарар қабылданды, зиялы қауым өкілдері мен университет профессорлары Х. Досмұхамедұлының алдағы 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізу, денсаулық сақтау жүйесі тарапынан оған қолдау көрсету, профессор Х. Досмұхамедұлының атына төсбелгі тағайындау, ғалымның енгізген медицина, биология, педагогика, психология терминдерін ғылыми айналымға енгізу және студенттерге Х. Досмұхамедұлы атындағы шәкіртақы беруге қатысты ұсыныстар жасады.