
Бүгін Парламент Мәжілісінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды платформасын іске асыру шеңберінде денсаулық сақтау саласы қызметінің 2022 жылғы нәтижелері және 2023 жылға арналған жоспарлары туралы баяндады.
Сөз басында ведомство басшысы денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасын атап өтті.
«Өткен жылы халықтың жалпы өлім-жітімі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға төмендеді, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің 33%-ға, обырдан болатын өлім-жітім 8%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім-жітім 1,7 еседен астам төмендеді, туберкулезден болатын өлім-жітім 17,6%-ға төмендеді»- деп А.Ғиният деректер келтірді.
Ол Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері бойынша 2022 жылы өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 3 жылға артып, 73 жылдан астам уақытты құрағанын атап өтті. Бұл факт 2025 жылы өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыруды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ведомство басшысы ел Президентінің сайлауалды платформасында денсаулық сақтау саласы алдында мынадай басым міндеттер айқындалғанын еске салды: саланы қаржыландыруды жетілдіру, денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын, оның ішінде ауылдық жерлерде дамыту, онкологиялық қызметті, сондай-ақ босандыру және балалық шақ қызметін жаңғырту, денсаулық сақтауды цифрландыруды дамыту және саламатты өмір салтын насихаттауды күшейту.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметінің басым дамуын ескере отырып, министр МСАК-ты одан әрі дамыту бойынша жоспарланып отырған шаралар туралы хабарлады.
«2023 жылы біз көрсетуді ұйымдастыру стандартын әзірлеп, бекітетін боламыз. Сонымен қатар, ДДҰ мақұлдаған МСАК-тың пациентке бағдарланған озық тәжірибелерінің жобаларын енгізу бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Бұдан басқа, биыл халық талап ететін медициналық қызметтерді қашықтықтан көрсету бойынша жұмыс күшейтілетін болады. Сондай-ақ, АДҚ тізбесі қайта қаралады, халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту 3,8 млн.астам адамды құрайды», - деді А. Ғиният.
Ауылдық денсаулық сақтау перспективалары туралы айта келе, министр ұлттық жоба шеңберінде іске асырылуы тиіс ағымдағы жылға арналған құрылыс, медициналық жабдықтармен жарақтандыру және кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі нақты жоспарларды белгіледі.
Оның айтуынша, биылғы жылы 309 МСАК объекті салу, «алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын 12 ауданаралық орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу қамтамасыз етіледі, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын 575 заманауи медициналық жабдықпен жарақтандыру көзделген.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 2,4 млн.астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен, 3,2 млн. ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулермен және 1,5 млн. шалғайдағы ауыл тұрғындарын жылжымалы медициналық кешендердің қызметімен қамтуды қосымша қамтамасыз ету күтілуде.
Халықтың мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізу бөлігінде министр республикада 75 инсульт орталығы жұмыс істейтінін, оның 4-і 2022 жылы ашылғанын, 41-і жедел коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсету үшін тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейтінін хабарлады. 2023 жылы екінші деңгейдегі 8 инсульт орталығы мен 4 ТКА-орталығын ашу жоспарлануда.
Ведомство басшысы Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыттары халықаралық деңгейде сәтті бәсекелесіп отырғанын, бүгінде халық үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі бойынша қолжетімділік қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шараларды іске асыруға келетін болсақ, біз 2022 жылы акушерлік - гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру; педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын, сондай-ақ босану және бала қызметін жетілдіру жөніндегі 6 жол картасын бекіттік», - деп жалғастырды министр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мектеп медицинасының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін балаларды профилактикалық тексеру пакеттері кеңейтілді, өткен жылы бір оқушыға қызмет көрсету үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі 19%-ға ұлғайды.
Өткен жылы алғаш рет есту проблемалары бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін балаларда заманауи есту аппараттарын қолдана отырып операциялар енгізілді, осындай 20 операция сәтті жүргізілді. Сондай-ақ, дамуында ауытқулары бар және олардың туындау қаупі бар балаларға арналған 6 ерте араласу орталығы ашылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы іске асырылған іс-шаралардың нәтижесінде 2022 жылы ана өлімінің көрсеткіші 3 есеге төмендегенін, туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86% -ды құрағанын, балаларды оңалтумен қамту 18%-ға артқанын атап өтті.
2023 жылы балалар денсаулығының көрсеткіштерін жақсарту үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, алғаш рет неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты енгізіледі, жетекші шетелдік клиникалар базасында босандыру қызметінің 100 маманын оқыту қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, балаларды қолжетімді жоғары технологиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін биыл 5 өңіраралық балалар кардиохирургиясы орталығын құру жоспарлануда.
«Сонымен қатар, даму кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар балаларды түзету үшін 2023 жылы 13 ерте араласу орталығын, 17 аудандық және 6 облыстық оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Биылғы жылы 12 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысын бастау, сондай-ақ балалар онкологиясы мен гематологиясының ұлттық орталығын құру жөніндегі жобаны іске қосу жоспарлануда», - деп қорытындылады А.Ғиният ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шаралар туралы айтып.
Саланы кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне көше отырып, министр Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде биылғы жылы республикалық бюджет есебінен дәрігерлерді даярлау үшін резидентура гранттарының санын 70%-ға ұлғайту және оларды 2,5 мыңға дейін жеткізу, соның арқасында ауылдағы дәрігерлерге деген қажеттілікті 10%-ға азайту жоспарланып отырғанын атап өтті.
ҚР ДСМ деректері бойынша денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарына қажеттілік 7,7 мыңнан асады, оның ішінде 3,9 мыңға жуық дәрігер, 3,8 мыңға жуық орта медицина қызметкері. Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде 2022 жылы өте тапшы мамандықтар бойынша республикалық бюджет есебінен 4700 білім беру гранты, оның ішінде 1500 резидентура гранты бөлінді.
Сондай-ақ, А.Ғиняит депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаған медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі заң жобасын қолданысқа енгізе отырып, 270 мыңнан астам медицина қызметкері құқықтық қорғаумен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Бұдан әрі Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі күтілетін негізгі жаңалықтар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленген елдегі медициналық көмекті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру туралы айтып берді. Ол депутаттарды МӘМС жүйесінің проблемалық мәселелерін шешу үшін ведомство іске асыратын негізгі іс-шаралар туралы хабардар етті. Осылайша, медициналық қызметтерге ақы төлеудің икемділігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта ТМККК және МӘМС қаржылық ағындарын медициналық көмек тізбесін нақты ажырата отырып, бірыңғай пулға интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Сонымен қатар, біз барлық кезеңдерде, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы қаржы ағындарын бақылауды қамтамасыз етеміз, медициналық көмектің басым бағыттары бойынша, оның ішінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысының өсуін ескере отырып, тарифтер қайта қаралады. Халықты МӘМС жүйесіне тарту бойынша жұмыс жалғасады, нәтижесінде қаржылық түсімдер ұлғаяды», - деп атап өтті министр.
Ол 2022 жылы ММС қаржыландыру 25%-ға өскенін және алынған қосымша қаржы қаражаты бұрын қаржыландыру тапшылығын бастан өткерген медициналық көмек түрлерін дамытуға бағытталғанын еске салды. Осы активтердің есебінен МӘМС профилактикалық тексерулерді, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтерді және оңалтуды қаржыландыру көлемін 1,5 есеге, стационарлық көмекті 1,2 есеге, жоғары технологиялық медициналық көмекті 2,2 есеге ұлғайта алды.
Денсаулық сақтау саласындағы процестерді одан әрі цифрландыру бөлігінде, ведомство басшысының ақпараты бойынша, 2023 жылы «eGov. Densaulyk» сервисінде қолжетімді eGovMobile мобилдік қосымшасында пациенттер үшін мәліметтерді кеңейтуді қамтамасыз ету жоспарлануда. Медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету үшін көптеген ақпараттық жүйелерге деректерді енгізудің қайталануы алынып тасталады, сондай-ақ рецепттерді электрондық форматқа толық ауыстыру жоспарланып отыр, пациенттерге медициналық көмек көрсету фактісін растаудың цифрлық құралын енгізу дайындалуда.
Сөз соңында ведомство басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды платформасының іс-шараларын іске асыру денсаулық сақтау саласының ерекше басымдығы болып табылатынын және сала алдына қойылған нақты ауқымды міндеттер денсаулық сақтаудың пациентке бағдарланған моделін қалыптастыруға, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға және сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге бағытталғанын атап көрсетті.