АСТАНАДА АКАДЕМИК Е.Д. ДАЛЕНОВ атындағы  ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ

АСТАНАДА АКАДЕМИК Е.Д. ДАЛЕНОВ атындағы  ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Астана медицина университетінің базасында өткен академик Е. Д. Дәленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ ашылу салтанатына қатысты.
«Академик Ерболат Дербісәліұлы Дәленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының ашылуы медицина ғылымын ғана емес, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін де маңызды», - деп атап өтті А.Ғиният өзінің құттықтау сөзінде.
Ерболат Дербісәліұлы академик, профессор, профилактикалық медицинаның бірегей ғылыми мектебінің негізін қалаушы, көрнекті ғалымдардың тұтас бір тобын даярлады.
«Академик Дәленовтің аты беріген бұл институттың ашылуы – денсаулық сақтау мен медицина ғылымының дамуына зор үлес қосқан құрметті әріптесімізге, көрнекті ғалымға құрмет.
Бұл жұмыс құрылып жатқан ғылыми-зерттеу институтының шеңберінде белсенді түрде жалғасатынына сенімдімін», - деді министр жаңа ҒЗИ қызметкерлері мен қатысушыларға арнаған сөзінде.
Сол күні ЖОО-да ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың, мемлекет және саяси қайраткер Қырымбек Көшербаевтың, Ерболат Дербісәліұлының ұлы, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленовтың, көрнекті ғалымдар мен қоғамдық денсаулық сақтау қайраткерлерінің қатысуымен академикті еске алуға арналған конференция өтті.
Академик Ерболат Дәленов – Астана медицина университетін, сол кездегі Целиноград медицина институтын бітірген алғашқы түлектердің бірі. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының меңгерушісі Ерболат Дербісәліұлы Дәленов Профилактикалық медицина институтын құрудың бастамашысы болды.
Ол Қазақстан Республикасы профилактикалық медицина академиясының және валеология академиясының, Нью-Йорк Ғылым Академиясының құрметті академигі, Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болды.
Құрылған профилактикалық медицина институты профилактикалық медицина, ауруларды диагностикалау және алдын алу саласында іргелі зерттеулермен айналысуға арналған. Оның қызметі екі бағытта – оқу және ғылыми бағытта дамитын болады. Институттың зерттеу географиясы елорда тұрғындарын, сондай-ақ Қазақстанның солтүстік өңірлерін: Қостанай, Ақмола, Петропавл және Павлодар облыстарын қамтитын болады.